Облыстағы қала мен елді мекендерді көгалдандыру

Қазіргі кезде қоршаған ортаны қорғау басты проблема болып отыр, себебі  табиғат біздің  өміріміз, денсаулығымыз. Соңғы кезде қалалардың күрт өсіп, ондағы техникалардың көбеюі, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл мәселені шешуде көгалдандырудың маңызы зор.

 

Қала аймағындағы және елді мекендердегі жасыл желектер сол жердің микроклиматының жақсаруына және санитарлық-гигиеналық жағдайын қалыпты ұстауға бірден-бір септігін тигізеді.

 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыруға, олардың айналасына жасыл белдеулер егуге, орман саябақтарын дамытуға көп көңіл бөледі. Ол Астана қаласының айналасына жасыл белдеу орнату тақырыбында өткізген көшпелі кеңесте «Әр облыс, әр қала, әр аудан ауыл тұрғыны, соның ішінде жастарды ағаш отырғызу жұмысына жұмылдыру қажет, сонда еліміз көгалданып, көркейе түсетін болады, ал болашақ ұрпақ бізге алғысын білдіретін болады» деп айтқан болатын.

 

Біздің облыста да көгалдандыруға көп көңіл бөлінуде.  Үнемі жасыл желектер, соның ішінде қылқан жапырақты көшеттер отырғызу мақсатында акциялар өткізіліп отырады. Бұл жұмыс облыс тұрғындарымен, жастармен, сонымен қатар жоғарғы оқу орындары студенттерімен жылдан жылға қолдау табуда. 2018 жылы эклогиялық айлық іс-шаралары аясында «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу» акциясы өткізілді. Акция барысында 50,1 мың теңге көшеттер отырғызылды.

 

Көгалдандыру жұмысына Шыңғырлау, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандары белсене ат салысты.

 

Орал қаласында Жәңгір хан, Набережный, Москва көшелерінде, Назарбаев интеллектуалды мектебінің айналасында, қаланың шағын аудандарында, Орал – әуежай жол бойында шырша мен қарағай ағаштары отырғызылған. Жыл сайын облыс  орталығында жаңа скверлер мен саябақтар, бульварлар бой көтерілуде.

 

Дегенменде, бұл жұмыс облыс аудандарының және мекемелерде тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын атап кетуге болады. Аудан бюджетін жасақтаған уақытта көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге қаражат қарастыру қажет. Көп жағдайларда көшеттер отырғызу уақытында, кейбір аудандар тек көшет сатып алатын қаражатты іздестіріп жататын кездер болып жатады.

 

Ағымдағы жылы, Қазақстан Республикасы президенті Н.Ә.Назарбаев облысымызда болған іс-сапарында «Орал қаласы республика бойынша экологиялық жағынан ең таза қала. Жаңа алаңның көрінісі тамаша. Бұл жерге сенбіліктерде молырақ тал егіп, әлі де көгалдандыруға мән берген жөн. Экологиялық жағынан Қазақстан бойынша ең таза қала. Ұзақ өмір сүру үшін қажетті негізгі ұстанымдардың бірі – қай жерде қолайлы болса, сол жерде өмір сүру. Экология таза, қалғаны өзімізге байланысты. Адам денсаулығы жақсы болуының 90 пайызы өзіне, ал қалған 10 пайызы дәрігерлерге байланысты» деп атап өткен болатын. Осыған орай, біз өңірімізді көгалдандыру жұмыстарына бұдан көп көніңіл бөлуіміз қажет.

 

2016-2025 жылдар аралығында облыстың елді мекендерін көгалдандыру мақсатында 6704,5 га жерде «Батыс Қазақстан облысының елді мекендерін көгалдандыру және жасыл аймағын құру аймақтық жоспары» жасақталып, облыс әкімдігімен бекітілді және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісімделді. Аудан әкімдіктеріне осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек.

 

Күзгі көшет отырғызу мезгілінің келуіне орай, бүгіннен бастап көшеттер отырғызуға, яғни сапалы екпе материалдарын таңдау (сүмбіл терек, емен, татар үйеңкісі, долана, шаған және т.б), отырғызатын жерін дайындау жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар, өздеріңізге бекітілген учаскелерде қылқан жапырақты көшеттерді қыс айларында топырағымен отырғызуға болады.

 

Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелері аумағында орман тұқымбақтары бар. Онда жылма жыл екпе материалдары өсіріліп, күтіп бапталады. Өсірілген екпе материалдар  облыс тұрғындарына, сонымен қатар мекемелер мен өнеркәсіптерге жіберіледі.

 

Бүгінгі күні орман шаруашылығы мекемелерінің 8 орман тұқымбақтарында ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстарын қамтамасыз ете алатын көлемде көшеттер бар.

 

Отырғызылған көшет өсіру үшін, мынаны есте сақтау керек:

 

  1. Жергілікті ауа-райына бейімделген сапалы көшетті таңдау;
  2. Міндетті түрде суару жұмыстарын ұйымдастыру. Суару жұмыстары ұйымдастырылмаса- тек сан үшін отырғызудың қажеттігі жоқ.

 

Қалада, аудан орталықтарында төмендегідей көріністерді, салынған көпэтажды үйлерлер, кеңсе, мекеме, сауда үйлері  айналасында отырғызылған бір ағашты көрмейсің немесе отырғызылса оларға ешқандай күтім жұмыстары жүргізілмейтінін көріп жатамыз.

 

Мекеме басшылары (білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласындағы), жеке кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке кәсіпкерлер өздеріне бекітілген немесе жеке меншік аумақтарға талдау жасап, көгалдандыруды қажет ететін учаскелерге ағаш отырғызумен айналысуды ұсынамыз. Көшеттерді тек егіп қана қоймай, олардың жайқалып өсуін қадағалау қажет.

 

Әр мемлекеттік қызметші өзі үлгі бола отырып, тұрғындарды, соның ішінде жастарды көгалдандыру жұмысына тартып, табиғатқа қамқорлық көрсетуге шақыру қажет

 

Сонымен бірге, мекеме басшылары экологиялық шаралар жоспарының қоршаған ортаны қорғау саласындағы ең басты құжат екенін ұмытпағаны жөн. Осы құжатты жасақтаған кезде абаттандыру мен көгалдандыру, эколоиялық акцияларға қатысу, қаржыландыру секілді шараларды міндетті түрде кірістіру қажет.

 

Балыққа су, құстаға ауа, жануарға- орман, дала, тау, ал адамға табиғат қажет. Оны қорғау біздің басты мақсатымыз. Сондықтан оны сақтайық!

Көгалдандыру жұмыстарына белсене қатыса отырып, біз облысымыздың эколгиялық жағдайын жақсартамыз.

 

БҚО табиғи ресурстар және

табиғат пайдалануды реттеу

басқармасының басшысы

А.Дәулетжанов


Жарияланды: 06.03.201915:10

Автор: